биолог, ҚР ҰҒА академигі (2003 ж.),
биология ғылымдарының докторы (1980 ж.), профессор (1985 ж.)
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылында дүниеге келген (20.10.1936 ж.). Москваның К.А. Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясын бітірген (1960 ж.), Ботаника институтының биохимия зертханасының ғылыми қызметкері (1960-1963 жж.), Москваның технологиялық институтында аспирантурада оқыды (1963-1967 жж.), Бас ботаника бағының физиология зертханасының меңгерушісі (1967-1981 жж.). Докторлық диссертацияны Москвада Физиология институтында қорғаған (1980 ж.). Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физиология және биохимия кафедрасының меңгерушісі (1981-1989 жж.), Бас ботаника бағының директоры (1988-1993 жж.), Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының ұйымдастырушысы, оның алғашқы директоры (1993-2006 жж.). Қәзіргі таңда – бас ғылыми қызметкер.
Ғылым мен өндірістің жаңа саласы — биотехнологияның Қазақстанда іргесін қалады және оның дамуына зор үлес қосты. Оның ғылыми еңбектері өсімдіктің өсуі мен дамуын реттеудің организм және клетка деңгейіндегі гормональды механизмдерін зерттеуге арналған. Өсімдік онтогенезіндегі фитогормондардың динамикалық топографиясы туралы теориялық түсінікті ұсынып, оның тәжірибе жүзінде негізін қалады. Бұл жаңа ғылыми идеяны бүкіл әлем ғалымдары мойындады және ол «Өсімдіктің өсуі» оқулығы (М., 1984) мен «Annual review of Plant Physiology» (1985, vol. 48) халықаралық басылымында жарық көрді.
Оның in vitro биологиясы бойынша ғылыми зерттеулерінің нәтижелері соматикалық және жыныс клеткалары культурасындағы пролиферация, дифференцировка, морфогенез және регенерация процестерінің цитофизиологиялық механизмдерін түсінуге мүмкіндік берді. Бұл күрделі репродуктивті даму процестері андрогенез бен гиногенез туралы қазіргі заманғы түсініктердің кеңеюіне одан әрі кең жол ашты. In vitro жағдайында жыныс клеткалары морфогенезі бағдарламасы дамуының гаметофитті жолдан спорофитті жолға ауысуының клеткалық механизмдерін анықтап, соның негізінде селекция процесін жылдамдатудың және женілдетудің биотехнологиялық әдістерін жасады.
Ол шәкірттерімен бірге сирек кездесетін және жер бетінен жойылып бара жатқан өсімдіктерді клондаудың аса тиімді биотехнологиясын, гаплоидты организмдерді алудың әдісі мен клетка селекциясын, клетка инженериясын, өсімдік генофондын өте төменгі температурада (-1960С) сақтанудың тәсілдерін жасады. Оның теориялық және қолданбалы әдістері бидай мен күріштің жаңа, мол өнім беретін сорттарын шығару арқылы іске асырылды.
Оның белсене араласуымен Қазақстан Республикасының биотехнология саласы бойынша ғылыми-техникалық саясатының Концепциясы, биологиялық әртүрлікті сақтаудың және тиімді пайдаланудың Концепциясы жасалды. Ол Ресей федерациясы өсімдіктер физиологиясы қоғамы Президиумының құрметті мүшесі, Халықаралық биотехнология қоғамының мүшесі, Халықаралық өсімдікті көбейту қоғамының мүшесі, «Биотехнология. Теория және практика» журналы редколлегиясының мүшесі, өсiмдiктер физиологиясы мен биохимиясы мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы болған (1994-2006 жж.)
Ол өсімдіктер физиологиясы, биохимиясы және биотехнологиясына арналған 455 ғылыми еңбектің, соның ішінде 7 монографияның, 7 брошюра мен 21 оқулықтар мен оқу-методикалық әдістемелердің авторы. Бұл еңбектер өсімдік биологиясының теориялық және әдістемелік негізінің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Бидайдың 4 және күріштің 2 сортының авторы.
Ол өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды, 8 ғылым докторы мен 30 ғылым кандидаттарын дайындады. Шәкірттері Қазақстанда және шет елдердің (Ресей, Үндістан, Аустралия, Израиль, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан) ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғары оқу орындарында қызмет етеді.
Монографиялары: “Вегетативное микроразмножение растений” (Алматы, Ғылым, 1985), “Культура клеток и биотехнология растений” (Алматы, ҚазМУ, 1991), “Биотехнология зерновых культур” (Алматы, Ғылым, 1992), “Культура клеток и клеточная инженерия растений” (Алматы, ҚазМУ, 1994), “Эмбриология растений” (Алматы, ҚазМУ, 1996).
Наградалары: «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалі (1968), «Ерен еңбегі үшін» медалі (1970), «Қазақстан егемендігіне 10 жыл» медалі (2001), «Қазақстанның ғылымын дамытуға қосқан еңбектері үшін» медалі (2004 ж.), «ҰҒА үлкен алтын медалі» (2010), 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңiстiң 60 жылдығы құрметiне арналған мерекелiк медаль (2015).