Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Өсімдіктердің биологиясы және биотехнологиясы институтына келді

2026 жылғы 30 қазанда Өсімдіктердің биологиясы және биотехнологиясы институтына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Ізбасарқызы Көбенова және ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ренат Бейбітұлы Елішібеков келді.

Сапар барысында Институттың Бас директоры Қанат Абайұлы Ермекбаев ғылыми қызметтің негізгі бағыттарын, іске асырылып жатқан жобаларды және ғылыми әзірлемелерді енгізу нәтижелерін таныстырды. Қонақтар Институттың ғылыми инфрақұрылымымен, селекция, өсімдіктер биотехнологиясы және биоалуантүрлілікті сақтау салаларындағы практикалық жетістіктерімен танысты.

Молекулалық диагностика саласында ауыл шаруашылығы дақылдары ауруларының қоздырғыштарын анықтауға арналған ПТР технологияларына негізделген тест-жүйелер әзірленіп, патенттелді. Әзірлемелердің бірі — жұпсыз жібек көбелегінің азиялық түршесін сәйкестендіруге арналған тест-жүйе — ҚР АШМ Республикалық өсімдіктер карантині орталығына енгізіліп, фитосанитариялық мониторинг жүргізу кезінде қолданылуда.

Биотехнология саласында биореакторды пайдалану арқылы сауықтырылған тұқымдық картоп өндіру технологиясы енгізілді. Бұл технология өсімдіктердің көбею коэффициентін 6–10 есе арттыруға мүмкіндік береді. Таңқурайдың элиталық отырғызу материалын in vitro микрокөбейту әдісімен өндіруге бағытталған коммерцияландыру жобасы іске асырылуда.

Тоғай ормандарын қалпына келтіру және қуаң аумақтарды көгалдандыру мақсатында тораңғыны көбейту және өсіру технологиялары әзірленді. Тораңғы Қазақстанның бірқатар өңірінде, соның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында отырғызылды. ФАО-мен бірлесіп тораңғыны ормандарды қалпына келтіру үшін пайдалануды ғылыми тұрғыдан негіздеу жұмыстары жүргізілуде (https://www.inform.kz/ru/kazahstanskiy-proekt-povosstanovleniyu-lesov-voshel-vchislo-luchshih-vmire-6e8ba3e5).

Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Молекулалық-генетикалық әдістерді қолдану арқылы ҚР АШМ мекемелерімен бірлесіп және дербес түрде бидайдың, арпаның, сояның және күріштің жаңа сорттары шығарылды. ДНҚ-маркерлік және геномдық селекция технологиялары Қазақстанның селекциялық орталықтарының тәжірибесіне енгізіліп, өнімділігі жоғары әрі төзімді сорттарды шығару үдерісін жеделдетуге ықпал етуде. Институт әзірлемелерінің қатарында бидайдың «Алихан», «Раминал», «Тәлімі», «Шөл», «Зарина», «Туча», «Алика», арпаның «Тлек», «Казыгурт», «Шахристан» және басқа да сорттары бар.

Дәнінің құнды сапалық сипаттамаларымен ерекшеленетін «Казветта», «Фатима» және «Алмавита» атты күріштің үш сорты шығарылып, аудандастырылды.

Сонымен қатар өсімдіктерді ДНҚ-штрихкодтау және молекулалық таксономия әдістері енгізілді. Олардың нәтижелері Қазақстан флорасының генетикалық ресурстарын зерттеу және сақтау үшін пайдаланылуда (https://kazflora.kz/).

Сапар Институттың ғылыми әлеуетін және отандық селекцияны дамытуға, заманауи биотехнологияларды енгізуге, биоалуантүрлілікті сақтауға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған әзірлемелерінің практикалық маңызын көрсетті.

Сұрақтарыңыз бар ма?Электрондық өтініш жіберіңіз немесе қабылдау бөлмесіне қоңырау шалыңыз: +7 (727) 394 75 62