2026 жылғы 6 қыркүйекте Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтына Қытай Халық Республикасының делегациясы келді. Делегацияны Циндао аграрлық университетінің проректоры, профессор Чжан Юмэй басқарды. Сапардың мақсаты – ғылыми байланыстарды нығайту, өзара түсіністікті дамыту, сондай-ақ ұйымдар арасындағы алдағы ынтымақтастық пен академиялық алмасуға негіз қалау.
Делегация құрамына:
Чжан Юмэй (Zhang Yumei) — Циндао аграрлық университетінің проректоры, профессор;
Ли Цзиньпин (Li Jinping) — ШЫҰ өңірлік зерттеу орталығы директорының орынбасары, Цилу технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры;
Моу Сяогуан (Mou Xiaoguang) — Циндао аграрлық университетінің Ақпараттық басқару орталығының директоры, ғылыми қызметкер;
Чжан Эньин (Zhang Enying) — Циндао аграрлық университеті Ауыл шаруашылығы колледжі деканының орынбасары, қауымдастырылған профессор;
Цзоу Сяося (Zou Xiaoxia) — Циндао аграрлық университеті Ауыл шаруашылығы колледжінің профессоры;
Ли Линь (Li Lin) — Циндао аграрлық университеті Жаратылыстану және ақпараттық ғылымдар колледжінің оқытушысы кірді.
Сапар барысында қонақтар Институт қызметінің негізгі ғылыми бағыттарымен танысып, зертханаларды аралады және қызметкерлермен бірлескен зерттеулердің перспективалық бағыттарын талқылады. Генетика және селекция зертханасының қызметкерлері Мадина Кумарбаева мен Айдана Харіпжанова бидай ауруларын зерттеуге арналған ғылыми баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Pyrenophora tritici-repentis қоздырғышы тудыратын сары дақ және Bipolaris sorokiniana қоздырғышы тудыратын кәдімгі тамыр шірігі бойынша жүргізіліп жатқан зерттеулердің негізгі бағыттары мен бидайдың аталған ауруларға төзімділігін зерттеу тәсілдері таныстырылды.
Қытай делегациясының өкілдері Институттың ғылыми әлеуетін жоғары бағалап, мамандардың мол тәжірибесін атап өтті. Қонақтардың пікірінше, қазақстандық ғалымдардың жинақтаған ғылыми білімі, әдістемелік тәсілдері мен практикалық тәжірибесі Қазақстан мен Қытайдың ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады.
Кездесудің маңызды нәтижесі Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты мен Циндао аграрлық университеті арасында өзара түсіністік және ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Құжатқа Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының Бас директоры Қанат Абайұлы Ермекбаев және Циндао аграрлық университетінің проректоры, профессор Чжан Юмэй қол қойды.
Меморандумға қол қою бірлескен ғылыми зерттеулерді одан әрі дамытуға, тәжірибе алмасуға, ғалымдар мен жас зерттеушілердің академиялық ұтқырлығын кеңейтуге, сондай-ақ өсімдіктер биологиясы, биотехнологиясы, генетикасы және селекциясы салаларындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға негіз қалайды.
Бұл сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі болып, ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.









