30 шілде күні Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтына «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ (ҰАҒБО) Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Серікбайұлы Бисетаев және қазақстандық зерттеуші, философия докторы (PhD), кәсіпкер Тұрсынәлі Марлен Тұрсынәліұлы арнайы іссапармен келді.
Сапар аясында қонақтар Институттың Бас директоры Қанат Абайұлы Ермекбаевпен кездесті. Кездесу барысында олар Институттың негізгі ғылыми бағыттарымен танысып, зертханаларды аралады және ғылым мен инновация саласындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы пікір алмасты.
Кездесуде ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу, аграрлық сектордағы инновациялық технологияларды дамыту, сондай-ақ ғылыми ұйымдар мен өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты серіктестік байланыстарын кеңейте отырып, отандық ғылымның, инновациялардың және Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына өз үлесін қосуды жалғастыруда.









