Ғылым қызметкерлерінің күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғалымдармен кездесіп, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Іс-шара соңында Президент бір топ ғалымды мемлекеттік наградамен марапаттады, сондай-ақ бірқатар жас ғалымға баспана кілті берілді.
Марапатталғандардың қатарында Өсімдіктердің биологиясы және биотехнология институтының үш қызметкері бар екенін зор қанағаттанушылықпен және мақтанышпен хабарлаймыз.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, молекулалық генетика зертханасының меңгерушісі, профессор Туруспеков Ерлан Кеңесбекұлы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ерлан Кеңесбекұлы өсімдік биотехнологиясы, генетикасы және селекциясы саласындағы көрнекті маман. 180-ден астам ғылыми еңбектердің, оның ішінде халықаралық жоғары рейтингті ғылыми журналдардың авторы, ауыл шаруашылығы дақылдарының төрт аудандастырылған сортының тең авторы. Ерлан Кеңесбекұлы әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында үлкен жұмыс тәжірибесі бар, көптеген шетелдік және отандық сыйлықтармен және стипендиялармен марапатталған. Ол ғылыми журналдардың, соның ішінде шетелдік журналдардың сараптамалық топтары мен редакциялық алқаларының мүшесі болып табылады. Оның басшылығымен биология саласында жоғары білікті кадрларды даярлау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
2024 жылы Қазақстандағы ғылымды дамытуға қосқан зор үлесі мен айрықша жетістіктері үшін Туруспеков Ерлан Кеңесбекұлы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі болып сайланды.
Құрметті Ерлан Кеңесбекұлы! Сізді жоғары мемлекеттік наградамен құттықтаймыз! Бұл награда — Сіздің отандық ғылымды дамытудағы еңбегіңіздің кезекті мойындалуы, өз өміріңізді арнаған ісіңізге жоғары кәсібиліктің және адалдықтың айғағы. Сізге мықты денсаулық, бақыт, шығармашылық ниеттеріңіз бен жаңа идеяларыңыздың табысты іске асырылуын тілейміз!
Сондай-ақ Институттың екі жас ғалымына пәтердің кілттері табысталды: Капытина Анастасия Иосифовна, Молекулярлық биология зертханасының кіші ғылыми қызметкері және Қанат Бақытұлы, Генетика және селекция зертханасының кіші ғылыми қызметкері. Анастасия мен Қанатты осы қуанышты оқиғамен құттықтаймыз! Оларға денсаулық, амандық және ғылымға қызмет ету жолында одан әрі шығармашылық табыс тілейміз!