«Үздік ғылыми қызметкер» жыл сайынғы сыйлығының 2025 жылғы қорытындылары шығарылды. Конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары білім беру ұйымдарының және түрлі ұйымдардың ғылыми бөлімшелерінің атынан 50 ғалым лауреат атанды.
Сыйлық 2024 жылғы 1 шілдедегі № 103-VIII ҚРЗ «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тағайындалады және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асыратын ғалымдарды қолдаудың жүйелі шараларының бірі болып табылады. Мақсаты – ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғылыми қызметкерлерді ынталандыру және ғылыми-зерттеу қызметін қолдау.
2025 жылы конкурсқа жеті бағыт бойынша 358 өтінім келіп түсті: «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар және өнер», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары», «Әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік».
Республикалық конкурстық комиссияның жұмысы қорытындысы бойынша ғылымның отандық дамуына елеулі үлес қосқан 50 ғалымға «Үздік ғылыми қызметкер» 2025 жылғы сыйлығын беру туралы шешім қабылданды.
Жеңімпаздар қатарында – Институттың төрт қызметкері: Өсімдіктердің физиологиясы және биохимиясы зертханасының бас ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының докторы, профессор Нуржанова Асиль Арунқызы; Молекулалық биология зертханасының меңгерушісі, PhD философия докторы, қауымдастырылған профессор, Гриценко Диляра Александровна; Молекулалық генетикасы зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, PhD философия докторы, қауымдастырылған профессор, Альмерекова Шырын Семізбайқызы; Молекулалық генетикасы зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, PhD философия докторы, Затыбеков Алибек Қамзабекұлы.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз және оларға зор денсаулық, сәттілік, шығармашылық табыстар мен жаңа жетістіктер тілейміз!
https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/1135337?lang=kk

